Сендер жемтік, мен бөрі болсам, менің жазығым не?

Ерте-ерте ертеде...

Дүниені дүбірлеткен бөрілер өмір сүріпті.

Дүниенің табиғи тепе-теңдігін сақтап, қоршаған ортадағы қой-ешкі, бұғы, марал секілділерді жеп, жалғанды жалпағынан басады екен.

Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болыпты.

Олай жасамаса, шөпжегіштер көбейіп, жердегі шөпті тықырлап жеп, одан қалса бұта мен орман-тоғайды да жалмап барады екен.

Онан соң құстар азықсыз қалып, өзендер таяздап, судағы балықтар да азая бастайды екен.

Табиғи тепе-теңдік бұзылатын жәйт. Шөпжегіштердің санын реттеуде бөрілердің орны ерекше екен.

***

Әлқисса, күн артынан күн өтіп, бөрілер Тәңірдің қамшысы деген атқа ие болыпты. Дүниені билепті...

***

Бөрілердің дүниеге қожалық еткенін ешкілер көре алмапты. Қойлардың қошқарларын, есектің айғырын мақтап-мақтап бөріге айдап салады екен.

Қошқар мен есекті бөрі бұйым көрсін бе? Жайратып сала беріпті...

Содан ешкілер қулыққа көшіпті. Бөрілердің ішінен қашқан-пысқан бірлі жарымын қонақ етіп, картоп, қияр секілді көкөністерді қуырып бере бастапты.

Майға қуырылған көкөністі жеген бөрілер, ешкілерді дос көре бастапты.

***

Сөйтіп қалған бөрілерге сақалды ешкілер былайша жар салыпты:

"Ешкілер құдайдың қалауымен хайуанатқа тура жол көрсететін болды, біздің арамыздан құдекеңмен сөйлесетіндер шықты" деп.

Баяғы бұралқы бөрісымақтарды да тартыпты жарнамаға. Қарны тойғанына мәз болған қашқын бөрісымақтар өз ордаластарын көкөніс жеуге жарнамалай бастапты.

***

Алғашқы жарнамада көкөністі қуырып беріп жүрсе, кейіннен көк шөпті шикідей жеуге үгіттепті.

Уақыт өте келе бөрілердің арасында "вегетариандықтар" көбейе бастапты.

Ет жейтін Ордаластарын жек көріп, оларды адасушы санапты. Тіпті олармен тістесіп, кектесіп, текетіреске бастапты.

***

Дүниені билеген бөрілер өз басымен әлек болып, шөп жейтіндер мен ет жейтіндер өзара араз болыпты.

Жан-жақтан қаумалап, ет жейтіндерді азайтып, есек мінген ешкілердің тасы өрге домалапты.

Ешкінің басшылары қасқырлардың жаңа ұрпағын айнаға қаратпауға тырысыпты.

***

Бөрінің басын сипап, "Сен ешкісің, сен есексің, шөпке жайыласың" деп гипноздай беріпті.

Бөрілердің бірен-сараны: "Оны кім айтты?" деп сұраса, "Аспаннан құдай солай деп жатыр" - деп соғыпты.

***

Ет жейтін асқазанға көк шөп жақпапты, бөрілердің іші өтіп, арттары садыра-садыра болып, арып-ашып, өліп-талып жүріпті.

***

Есекке мінген ешкілер: "Ешкіге ұқсап бақырыңдар, шақырыңдар, қойға ұқсап маңыраңдар, есекке ұқсап ақырыңдар, құдайдың қалауы осы. Ана дүниеге барып ешкіше маңырап сөйлесетін боласыңдар" - депті.

***

Бөрінің ешкі секілді бақырғаны, есекке ұқсап ақырғаны ерсі көрінеді екен.

Естіген құлаққа да түрпідей тиеді.

Есті бөрілер мұның әбес екендігін іштей сезіпті...

***

Шөп жеп бойынан қуаты қашқан бөрілер мыңдап, миллиондап өліпті.

***

Есекке мінген ешкілер бөрінің қырылғанын көріп, сақалдары сапсиып, жандары кіріп жүріпті.

Жыл артынан жыл өте беріпті.

***

Сөйтіп жүргенде көкбөрінің бірі судағы бейнесіне қарап, өзінің ешкіге де, қойға да, есекке де ұқсастығы жоқтығын байқап қалыпты.

***

Сөйтіп байқағанын ұяластарына айтыпты. Олар да судағы бейнесінен бөріні көріп, бойларындағы бабаларының қаны ояныпты.

Қарындары ұлып ашыпты. Майлы етті жан дүниесімен сағыныпты.

Өздерінің бөрі екендігін сезген аш бөрілер ең алдымен есек мінген ешкілерді жеп қойыпты... Жұмырына жұқ болмапты. 

Енді қойдың майлы етін жеу керек болып, желе-жортып кете барыпты...

***

Олар жемтік, біз бөрі - біздің жазығымыз не? - деп даңқты бабаларының әуеніне қайта басыпты.

Әруақ!

Ескерту: Жортқан бөрінің алдына тұрушы болмаңдар, қарсы келсе, құлдық ұрып сәждеге жығылыңдар. Бәлкім аман қаларсыңдар.

Жұлдызды белсенді емесЖұлдызды белсенді емесЖұлдызды белсенді емесЖұлдызды белсенді емесЖұлдызды белсенді емес